Тоқаев «жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға» жазаны күшейтетін түзетулерге қол қойды

Қаңтар оқиғасынан кейін істі болғандар осы баптар бойынша сотталған


17/03/2023
11:57 20275 0

Фото: КазТАГ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға» жазаны күшейтетін түзетулерге қол қойды. Бұл жөнінде «Азаттық» радиосы хабарлады. 

Құжаттың толық атауы – «Қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сонымен бірге азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырудар енгізу туралы».

Құжат «жаппай тәртіпсіздікке шақыру» бабы (272-бап, 1-бөлігі) бойынша жазаны 3 жылдан 5 жылға, телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалған қылмыс жазасын 3 жылдан 7 жылға дейін көбейтуді ұсынады. Қылмыстық топ құрамында жасалған бұзақылық үшін жазаны 5 жылдан 7 жылға көбейтуді ұсынады. Енді бұл бап бойынша айыпталған адамдар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады.

Бұған қоса, Қылмыстық кодекстегі «азаптау» бабына «адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеті үшін» деген құқықбұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі. Заң жобасы авторларының түсіндіруінше, «бұл азаптауды қатыгездіктен ажыратуға, заңнамадағы олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді».

Заң сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті де күшейтеді. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстегі 106 («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») және 107-баптары («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша жауапкершілік күшейтіледі. 

Қазақстанда «жаппай тәртіпсіздікке» шақырғандарға жазаны қатайту кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасынан кейін ұсынылып отыр. Ресми мәлімет бойынша, Қанды Қаңтарға байланысты жүздеген адам «жаппай тәртіпсіздік» бойынша айыпталып, оларға үкім шыққан. Арасында азаматтық белсенділер де бар.

Тергеу кезінде кейбір айыпталушылар іс «біржақты тергелгенін» айтқан. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Қаңтар оқиғасы жан-жақты, әділ тергелмеді, «бейбіт наразылыққа шыққандарға билік негізсіз оқ атты, бейбіт митинг мен бүлікті біріктіріп қарастыруға талпынды» деп есептейді. Билік халықаралық ұйымдардың оқиғаны мемлекет ауқымынан кең дәрежеде тергеу туралы ұсынысын кері қайтарған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

17/03/2023 11:57
20275 0

Уведомление